
«Заң мен Тәртіп» – Әділетті Қазақстанның идеологиялық тұғырнамасы. Бұл – Ата Заңымыздың мәнін ашатын тұжырым. Конституциямызда ең жоғарғы құндылық ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары танылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Құқық – бұл ізгілік пен әділеттілік өнері» деген сөздің терең мағынасына мән беріп, «Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамда тәртіпті қамтамасыз ету үшін қажет екенін» ерекше атап өтті. Меніңше, бұл идеологиялық тұжырым – қоғамдық асыл мұраттардың, әсіресе мәдени, адамгершілік, отбасылық, рухани және діни құндылықтарды, сондай-ақ еңбек ету, денсаулық сақтау, білім алу, меншік пен кәсіпкерлік бостандығы сияқты конституциялық кепілдіктерді сақтау қажеттілігін білдіреді.
Сонымен қатар табиғатқа және қоршаған ортаға деген қамқорлық та осы қатарда тұруы тиіс.
Сондықтан «Заң мен Тәртіп» – бұл жай ғана құқықтық ұғымдар емес, олар – қоғам тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне, елдің гүлденуіне бастайтын өмірлік бағдарлар.
Аталған қағидаларды ілгерілету мақсатында Үкімет осы жылы алдағы 5 жылға арналған арнайы Тұжырымдаманы бекітті.
Оның басты мақсаты – азаматтардың құқықтық санасын арттыру, олардың құқықтық тәртіпті сақтауға белсенді қатысуы, заң бұзушылықтарға қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыру.
Прокуратура – осы жұмыстың негізгі қатысушысы және үйлестірушісі. Біз заңдылық пен тәртіп қағидаларын кешенді түрде жүзеге асырудамыз. Бұл бағытта мүдделі органдар мен ұйымдармен бірлесіп Президент Әкімшілігінің үйлестіруімен нақты шаралар қабылданып жатыр.
Барлық атқарылған іс-шаралар заң үстемдігін нығайтуға, мемлекет тарапынан әлеуметтік жауапкершілікті жүзеге асыруға бағытталған.
Ең бастысы – азаматтардың конституциялық құқықтарын, адал кәсіпкерлік пен мемлекеттің мүдделерін қорғау.
Азаматтардың, әсіресе балалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтірудің жақсы мысалдары бар.
Биылдың өзінде біздің актілерімізбен 28 мың баланың пайдасына тек алимент бойынша 22 млрд теңге өтелді. Балалар үйінің 366 түлегі мен әлеуметтік осал санаттағы 108 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 2,3 мың қызметкерге 2,2 млрд теңге жалақы берешегі өндірілді.
Бұған қоса, 1300-ден астам шетелдік инвесторға көмек көрсетілді. Олардың ел экономикасына қосқан үлесі – 17 трлн теңге. Қазіргі таңда прокурорлардың бақылауында 1000-нан астам инвестициялық жоба бар, бұл орайда басымдық – отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсету.
Кәсіпкерлерге дер кезінде көмектесу жаңа өндірістерді қосып, 14 мың жаңа жұмыс орнын ашу және 4,5 мың жұмыс орнын сақтау мүмкіндігі туды.
Прокуратура мемлекетке қайтарған заңсыз активтер есебінен 333 нысан, оның ішінде мектептер, ауруханалар, спорт кешендері және т.б. салынуда. Бұл – қаражаттың қоғам игілігіне қалай жұмыс істейтінінің нақты дәлелі.
Сонымен қатар біз масылдық көзқарасты ашық айыптаймыз. Яғни, кей азаматтардың саналы түрде еңбек етуден бас тартып, әлеуметтік көмекке негізсіз үміт артуы – әділеттілікке жат құбылыс. Заң мүмкіндіктер береді, бірақ ол сонымен қатар міндеттерді орындауды, оның ішінде заң пен тәртіпті сақтауды және басқа адамдар мүдделерін құрметтеуді талап етеді.
Мемлекет азаматтарға өзін-өзі дамытуға, кәсіпкерлікпен айналысуға, білім алуға, кәсіби өсуге жағдай жасайды. Ал масылдық, әлеуметтік әділеттілікті бұзып, жалған өмірлік бағдар қалыптастырады және шынайы мұқтаж азаматтардың мүмкіндігін шектейді.
Жауапкершілік тек талап қою емес, сонымен қатар ортақ іске үлес қосуға дайын болу. Әр азамат өзінің дамуына, отбасына, еңбегіне, заңды сақтауға жеке жауапты екенін сезінгенде ғана тұрақты және әділетті болашаққа жол ашылады.